6 ақпан 2023
37
Қыз ұзату

Қыз баласын құрметтеп, оң жақтан орын беретін халықпыз. Балиғат жасына толған соң, аялы алақанда мәпелеп өсірген аяулы бойжеткеннің де ұзатылар уақыты келеді. Енді ежелден келе жатқан салт-дәстүрге сүйенсек, қызының ұшқан ұядан ұзап кетуіне анасы әу бастап дайындалып, жасауын реттеп, сәукелесін дайындаса, әкесі тойдың қамына кіріседі. «Қыз жасауына» қазақ аса мән берген. Ол зергерлік бұйымдар, кілем, текемет, сәукеле, қымбатты киімдер, ыдыс-аяқ т.б. заттардан құралады. Тіпті, қыз жасауы берген қалың малдың бағасынан да артады. Сырға салу ертеден келе жатқан дәстүр. Көбіне текті жердің қызына өзгелер құда түсіп алып кетпесін деп алдын ала сырға таққан. Қызға сырға тақпас бұрын оның ата-анасының рұқсатын алады. Кейде жақсы араласатын достар ұл-қыздары бесікте жатқан кезінде құда болысып, сырға тағып, айттырып қоятын. Сырға тағылған қыз қалыңдық аталып, оны кейін бойжетіп, жігіт жақ қалыңмалын төлеп алып кеткенше ата-анасы қатты қадағалаған. Мұнда да үлкен тәрбиелік мән бар. Сырға тағылған қызға сауық-сайран құруға болмайды. Ол барынша инабатты болуы қажет. Көп жылдар бойы ұмыт қалған бұл дәстүрді қайта жаңғыртпақ болған халық оған өзгертулер енгізіп алған. Сырға таққан қыздың басы бос емес екенін өзгелер білу үшін ерекшелеп, алтын салған. Сырға салып кеткен қызды құдалар алып кетуге барғанда «Осы елде біздің алтынымыз бар еді, соған келдік» деп қалыңдықты алтынға теңейтін. Кейде сырғаның орнына қызға үкі таққан. Сондықтан да үкілі бөрікті тек қалыңдықтар ғана киген. Жігіттер бөркіндегі үкісіне қарап, қызға құда түсіп қойғанын сезетін. Сырға тағудың тағы бір тәлімдік мәні - қыз келін болатынын қыз кезінен біліп, үй шаруасына ерте араласып, үлкен өмірге заңдарын меңгереді. Ондай қыз аттаған босағасында көп қиналмайды. Ұзатылар қыз қасына жеңгесін алып, алыс-жақын туыстарын кемінде бір ай аралайды. Бұл дәстүр «қыз танысу» деп аталады. Сыңсу – «қыз танысуда» айтылатын ұзатылар қыздың әні. Еркелетіп өсірген ата-анасын, өз үйіндегі бақытты шағын, ол күндердің арта қалып жатқанын, өскен үйінен ұзап кететінін әнге қосып, өзін ұмытпай, сағындырмай еске алып, келіп тұруларын туыстарына «сыңсу» арқылы әнмен жеткізетін өте әдемі көрініс. Бірақ бұл дәстүр қазір ұмытылған. Барған үйлері оның дайындалып жатқан төсек-орнына кілем, алаша, сырмақ, киіз үйдің кереге, үзік, туырлық, керме-бау сынды бұйымдарын және киім-кешегін тарту етеді. Төсек-орынды дайындауға ауыл-аймақ атсалысады, ісмер әйелдер, зергерлер, тұрманшылар, үйшілер кіріседі. Қоржынын арқалап, қыздың қалыңмалын алдыға сап құдалар келер сәт те жақындайды. Құдалар келе жатқан кезде есік алдына екі адам арқан кереді. «Арқан керу» салтын жасаған адамдарға құдалар жағы өз жоралғысын (әшекей бұйымдар, мата, ақша т.б.) береді. Күйеу болатын жігіт бөркінің төбесіне үкі қадап, иығына қызыл шапан жамылып, өкшелі етікпен жұрттан ерекше киініп келеді. Бөрікті баса киіп, сыпайылықпен келу күйеуге міндет. Олай болмаған жағдайда күйеуге айып салынып, күлкіге қалдырады. Күйеу атын балалар алып ойынға айналдырады. Атқа мініп, жарысып, ауылдың арасында атпен шауып көңіл көтереді. «Күйеу атымен күл тасы» деген мақал осыдан қалса керек. Бұл да дәстүрдің бір түрі. Жаңа құдаларды күтіп алған қыз жақ қонақтарға құрмет қылып, төрге шығарады. Жастарға бір бөлек, үлкендерге бөлек дастархан жасалады. Астан ауыз тимес бұрын құдаларға «құйрық-бауыр» асату салты орындалады. Әкелген адам «бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болыңыздар» деп тілек білдіріп, барлық қонақтар мен құдаларға асатады. «Құйрық-бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе» деген мәтел осыдан қалған… Құйрық-бауыр желінген соң құдалар жағы табаққа ырымдап ақша салады. Бұны табақ әкелген келіндер өзара бөліп алады. Арнайы сойылған малдың жас етімен қоса соғымнан арнайы сақталған сүр еттен сыбаға асады. Мұнда құдалардың сыбаға жамбасы міндетті түрде болады. Бұл дәстүр «сыбаға тарту» деп аталады. Қазақта бас, жамбас, ұлтабар, асықты жілік, төс дегендердің өздерінің иесі – орны болады. Соғымнан құдаға, басқаға сыбаға беру- қазақта өзгермейтін заң. Қыз алуға келген жігіттің алдына төс, жілігімен бір табақ ет тартылады. Табақ әкелген жеңгеге сый ақы беру керек. Мұны «қыз алар» деп атаған. Бұл дәстүр бүгінде оңтүстікте біраз сақталған. Ал өзге аймақтарда ұмыт болған. Құдалар ауқаттанып, аптығын басқан соң, болашақ келіндерін таныстырады. Құдағи көрімдігін береді. Қыздың анасына арнайы «сүт ақысы» кәдесі тарту етіледі. Одан кейін «қоржын сөгу» дәстүріне кезек келеді. Бұған әйелдер жиналады. Қоржынның аузына бір киімдік пұл салынады. Ол қоржын аузын сөккен адамның сыбағасы. Қымбат, жағалы киімдерді қыздың әке-шешесіне кигізеді. Ал қоржындағы тағамнан бар жиылған қауым дәм татады. Қазақ салты бойынша құда-құдағилар қыз алуға барған түні ұйықтамауы керек. «Жақсы тағам қалғанша, жаман қарын жарылысын» деп, құдалардың бергенін жей береді. Егер ұйықтап кетсе киімін құдалардың бірі тігіп тастап, айып төлететін болған. Сол үшін ішіп-жеуге де, ұйқыға да, өлең айтысуға да шыдауы керек. Мұны қазақ «киім тігу» деп атайды. Ұзатылатын қыздың басына сәукеле киер сәт те жақындайды. Отауға құда-құдағи тегіс шақырылады, олар көрімдік атайды. Онан соң анасы қызының оң жақтағы үкілі тақиясының орнына сәукеле кигізіп, енесінен байғазы алады. Той тарап бір күннен кейін үлкендердің ақ батасын алып, қыз өз босағасынан аттанатын кез келеді. Бұл күні күйеу ең артынан шығып, қайын жұртының босағасына бір шапан іліп кетеді. Бұл күйеу жігіттің «Осы үйдің мен де бір ұлымын, босағасынан қол үзбеймін. Ыстық-суығында осыннан табыламын» деген ишараты. Мұны «босағаға ілу» немесе «су шапан» деп те атайды. Қызды ұзататын күні келін және басқа әйелдер киіз үйдің ішінде болады да, аужар айтатын жігіттер сыртта ат үстінде болады. Еркектер тұрған жақтың бір үзгі алынып, ашық болады. Қыз ата-анасы, бауыры, аға-жеңге, ел-жұртымен қоштасуды өлеңмен жылап тұрып айтады. Аужарды көбінесе ұзап бара жатқан қайын сіңілісіне жаны ашып, көңілі босаған жеңгелер айтады. Бұл салт «сатын» немесе «ау-жар» деп аталған. Сыңсумен шатастыруға болмайды. Ал «жар-жар» туралы айтсақ, ежелден келе жатқан дәстүр. Қыздың қоштасу кешінде, қыз аттанардағы қыз бен жігіттің айтысы. Мәселен, жігіттер қыздың жыламауын, әке орнына әке болар қайын атасы барын айтады. Қыздар жағы қимастығын білдіріп, қанша әке болса да өз әкеңдей бола алмасын айтып, аяғын суырып-салма айтысқа әкетеді. Тұрмысқа шығатын қыз өзінің орамалын сіңлісіне береді. Ол - «сенің де өз бақытың жолығып, жолың ашылсын» деген белгі. Бұл рәсім «шарғы салу» деп аталады. Шарғыны алған қызға жолдастары, жеңгелері, келіндері бақыт, мақсатына жетуіне тілектес болады. Той тарқап, құдалар жолға шыққан соң қыз шешесімен, үлкен жеңгесі мен кіші бауыр-сіңілілерімен арнайы дайындалған көлікке отырады. Ұзатылған қызға артына қарауға болмайды. Құдалар алда, олардан кейін «шаңырақ-түйе» - қыз көші жүріп отырады. Қыз ауылынан шыққан соң бұл көшті «қыз көші» - деп айтады. Біраз жүрген соң «қыз көшін» «келіншек көші» - деп атайды. «Келіншек көші» ауыл жанынан өтерде ауыл адамдары көшті тоқтатып, кәде сұрап, жақсы тілектерін жолдап, сәт сапар тілейді. Бұл салт «Түйемұрындық» деп аталған. Қызды бар салтанатымен жігіттің ауылына әкеледі. Осылай қыз баланың балалық бал дәурені артта қалып, жұбымен бірге жаңа өмірге аяқ басады.


Санат
Дәстүр

Орналасқан жері
Алматы

Бөлісу

Автор
Skiles Nicolas
06.02.2023
Пікірлер