6 ақпан 2023
35
«ЖАН ӘКЕ»: ҚАЗАҒЫМ, ҚАЙДА БАРАСЫҢ?..

Жаңа жылдың жетінші күні марқұм Қалихан Ысқақ ағамыздың дуалы аузымен «Әкемтеатр» деп аталып кеткен, сол атауы жанға жылы тиетін еліміздің бас театры Мұхтар Әуезов атындағы ұлт­тық академиялық қазақ драма театрында «Жан әке» («Қазағым, қайда барасың?») деп аталатын спектакльдің премьерасы болды. Француз драматургы Флориан Зеллердің пьесасын Қазақстанның халық артисі Тілектес Мейрам орыс тілінен аударған екен, сол мәтіннің негізінде қазақша нұсқасын жасап шыққан әрі басты рөлді сомдаған – Болат Әбділман, режиссері – Асыл Құдайберген. Қойылым туралы алғаш естігенде, әрі таңданып, әрі күмәнданып қалдық, таңданғанымыз – біз оның кинонұсқасын көргенбіз, психологиялық драма, Батыс әлемінің дамыған елдеріне тән оқиға біздің топырақты жерсіне қояр ма екен, сол баяғы айтыла-айтыла жауыр болған тақырып – қартайған әкесін қарт­тар үйіне өткізе салған қатыгез бала туралы кезекті гөй-гөйдің бірі болып шығады ғой деп топшыладық. Фильм­ді көрген, әңгіменің не жайында екенін білетін оқырманның көпшілігі солай ойласа керек. Мәселе мынада – шығарманың түпнұсқасында қарт­тар үйіне өткізілетін қария­ның трагедиясы баласының қатыгездігінен немесе қоғамның әділетсіздігінен туындап жатқан жоқ: Батыс елдері қоғамдық мүддені жеке бастың эгоизміне – индивидуализмге баяғыда бағындырып қойған, олардың өмірлік бағдары сол, ондағы қоғамдық қарым-қатынас заң арқылы рет­теледі, әділ ме бұл, жоқ па – ол жағына ешкім, соның ішінде жазушы да, драматург те, режиссер де, актер де бас қатырып жатпайды, басты құндылық – жеке адам, соның жайлы да шат-шадыман өмір сүруі, соның эгосы. Қарияның қасіреті – қартайып қалғаны ғана, қызы да қимайды оны, бірақ амал жоқ – алжыды ол, әлдеқашан жол апатынан қайтыс болған кіші қызы мен марқұм әйелін қайда жүр деп сұрай береді, ұмытшақтығы тіптен сұмдық, тұтас жылдар жадынан жоғалып кеткен. Сондықтан ол неге пәлен бөлмелі пәтерде тұруға тиіс, өзіне, қазіргі жағдайына лайықты мекенжайда тұрсын – қарт­тар үйіне барсын! Уақыт бәрін ұрлайды екен – дәуренің өтіп, қадірің кетіп, біртіндеп ешкімге керегің болмай қалады, қаласаң да сол, қаламасаң да сол, өмірдің заңы – осы: бағынасың оған, бағынбай қайда барасың деген пәлсапа. Қашып құтыла алмайсың одан, сәл-пәл жеңілдетуге де болмайды, қазақша айтқанда, «өлдің, Мамай, қор болдың». Трагедия ма? Әрине. Бірақ бұл трагедияның қоғамдық-әлеумет­тік-адами-мәдени-рухани астары біздегіден мүлдем басқаша!


Санат
Мәдениет

Орналасқан жері
Алматы

Бөлісу

Автор
Erdman Schroeder
06.02.2023
Пікірлер