Қызылорда – Қазақстанның оңтүстігіндегі қала, Қызылорда облысының әкімшілік, экономикалық және мәдени орталығы (1938 жылдан). Сырдария өзенінің оң жағалауында орналасқан. Тұрғыны 241 416 адам (2019). 8 әкімшілік-аумақтық бірліктен тұрады: Қызылорда қаласы, Тасбөгет, Белкөл кенттері, Қосшыңырау, Қызылжарма, Қызылөзек, Ақсуат, Ақжарма ауылдары. Қала теңіз деңгейінен 126-130 м биіктікте жатыр. Қала аумағы өзенді бойлай оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай төртбұрышты пішінде созылып жатыр. Жер аумағы 3683 га. Қаланың 17,0 га аумағы теміржол тораптарына, 165 га аумағы көліктік көшелерге, 19 га аумағы талы жоқ қала бақтары мен демалыс орындарына, 51 га алқабы шөлді-шөлейітті орындар үлесіне тиеді. Геологиялық тұрғыдан Қызылорда аумағы Тұран эпигерциндік платформасы үстінде жатыр. Палеозойда қалыптасқан бұл жазықты кейде “Сыр ойысы” деп те атайды. Ойыстың шеткі иіндері палеозойлық қатты метаморфты жыныстарға толған. Ойыстың көлденең ені 400 км. Орталығында палеозойлық тау жыныстары 600-900 м тереңдікте жатыр. Кейіннен ойыс мезозой, одан кейін кайнозой жыныстарымен жабылған. Шөгінді қабат үшке бөлінеді
Қалада 1926 жылы 13 қаңтарда Қазақ драма театры (М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академия театры) ашылды. Денсаулық сақтау, білім беру орындары көбейді. 1938 жылы облыс орталығына айналды. XX ғасырдың 30-жылдары қалада электр станциясы, диірмен, наубайханалар, балық өңдеу, күріш, кірпіш зауыты жұмыс істеп тұрды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары аяқ-киім фабрикасы, ет комбинаты, астық өнімдері комбинаты, сүт зауыты, целлюлоза-картон зауыты, тоқылмайтын маталар фабрикасы іске қосылды. 1956 жылы қала іргесіндегі Тасбөгет кенті жанынан су бөгеті салынды. 1974 жылы «Қызылордакүрішмаш» зауыты іске қосылды. Көптеген оқу орындары мен мәдениет ошақтары ашылды. 1996 жылы 8 қазанда ҚР Президентінің жарлығымен «Қызылорда арнайы экономикалық аймағы» (АЭА) құрылды. Оның бағдарламасы негізінде қалада жекешелендіру, акционерлендіру, инвестиция тарту секілді жұмыстар жүргізілді. Түрлі меншіктік жүйелер жасалып, шағын және орта бизнес кәсіпорындары мен мекемелері құрылды. Өнеркәсіп, сауда, байланыс қатынастары реттелді. Экономиканың жандануы мемлекет және қала бюджетіне түсетін қаржы сомасын арттырды.