Білім және ғылым

Ұстаз туралы толғам

Зейін дәнегінен жас өскін қылаң берсе, білім қасиетіне маңдайын сүйеп серт беретін мәңгілік борышкер, зерде күмбезінен парасат мектебіне сөнбес сәуле, шапақты нұр құятын адамзатық кескін, адамдығынан айнымаған тұлғалық бағдар, тереңдік тағлым өлшемі – ҰЛЫЛЫҚта жатыр! Ұлылықтың бағасын ұстазға тағдыр қоймақ, тегінде, ол да жөргек демінен сіңісті айрықша қасиет болса керек… 

Задында, мұндайды: «…Ақырын жүріп – анық бас, Еңбегің кетпес далаға…» – деп түйіндейді кемел Абай, «Ұлттық, халықтық ұстаз тұтас ғасырлар сүзгісінен өтіп қалыптасады», – деп қостайды данышпан Достоевский.

Асып-тасқандық емес, кәдуілгі ақындық-азаматтық кесім, орайлы келген пікір. Ал біз ше? Біз өз деңгейімізде «адалдыққа ар серік!» деп қана топшылар едік. Тәрізі, доңайбат жел сөз емес, Ұстаздық дәптеріне жүрек сөзі таңбаланған, маңдайы жарық, мерейі үстем мұғалиманың алдын көрген майталман шәкірт ретінде. Есептеу, жұлдыздар арасындағы дәлдік тіптен шетін әңгіме, азаматтық формуласын тағдыр тақтасынан бізге нұсқап, ширатылған өмір иткөйлегінің сөгітілген түйінін ұстатқан ұстаз турасында…

Мен құштар әлемнің гүлзары, шәкірт жансарайының мейірбан бағбаны, ұстазым Несіпхан Абеновнадан астрономияны сүйіп оқыдым. Мейірім мөлтілі орныққан жанар тостағанындағы жылылық менің бозбала арманымды көрбілте ызғардан қымтап, болат қалыпта жүрегіме орнығыпты. «Тепе-теңдікке құрылған өмірде бар нәрсенің тартылыс күші бар. Планетадан бөлек, пейіл мен ниеттің. Барлығы соған байланысты…» – деді бірде жеңіл жұтынып. Ғылымға икемінді байқап Махамбет поэзиясын астрономиямен байланыстырып зерттеуді тапсырды.

Зерттеу: «Ай астында бір көл бар, ат шаптырса жеткісіз.. Айдан жарық нәрсе жоқ, сәулесі түспес жаһанға, қараңғы түнек жапқанға…» т.с.с. тізбектеліп кете береді. Ертеден санаға құйылып, жүрекке орныққан жырлар… Тың тақырыпқа түрен салыппыз, конференцияда баяндама тыңдалды, зор лепес әрі ықыласты қошемет. Тек кейінгі сабақтағы қуаныштың ауанын кенеттен соғылған қоңғырау бұзған. Ұстазымның жолдасы ұзақ уақыт бойы ауырып жатқан еді, дереу үйіне шақырды. Жағдайды шамаладым. Дәрісімді үзіп кете алмаймын деген дірілдеп. Астероидтардың жерге ықпалы, көлемі мен радиусынтарын есептедік. Қайтарда қасында болдым. Мектеп қашасынан шыға бере жылады. Маған ерекше үміт артқандығынан ғана емес, зор тұлғалық сенім. Есейгенімді, шәкірт қана емес жұбаныш болғанымды байқағам. «Үнемі отбасылық қуанышым, қайғы-қасіретімді мектеп қоршауының кіреберісіне қалдырамын. Себебі, мектепте ұстазбын» дейтін жиі. Бұл жолы да солай етіпті… осылайша мектеп пен отбасының, білім мен тәрбиенің балансын сауатты сақтаған… Педагогикалық шешім – азаматтық көзқарас қайшылығы екен. Білесіз бе,мен үшін күнделігімдегі сіздің қолыңыз ең айрықша таңба, сіздік баға -ең биік марапат, сіздік сенім – ең ауыр міндет! Сол бойы астрономияда сізге тек Таңшолпанға ғана қатысты сұрақ қоймадым, пікірлеспедім. Себебі, менің ғұмырымның құлқын сәрісінде болашақ жетегін нұсқаған Таңшолпан өзіңіз едіңіз, ұстаз!

 

Ақпарат көзі: Автор: Дастан Қастай

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сізге ұнауы мүмкін