Бизнес

Сұхбат: Талайды қуантып, тегін тарту сыйлаған тәтті қыз!

Айзада Қасымхан – 1997 жылы Алматы облысы, Панфилов ауданы, Әулиеағаш ауылында дүниеге келген. Жас кәсіпкер, IT бағдарламашы, Алматы қаласындағы  тұңғыш әлеуметтік кондитерлік «Айзада Bakery» дүкенінің иесі. Қазақ Ұлттық Университеті, Ақпараттық Технологиялар факультетінің 4-курс студенті.

       Қайырлы күн, Айзада. Еңбек пен азаматтықтың өлшемі екшеліп, кәсіпкерліктің қыр-сөз болатын біздің «Сұхбат алаңымызға» қош келдің! Ауылдан көктеп, қолыңнан келгенше Адамзатқа қызмет етіп жатқаныңды біліп отырмын. Балалыққа бірге сапарлайықшы… 

– Сәлеметсіздер ме! Иә, дұрыс айтасыз. Ауылдың қарапайым қызымын. Отбасымызда төрт баламыз. Өзім үйдің үлкенімін. Тұла бойы тұңғыш болу және отбасымдағы жалғыз қыз бала болу қашан да маған зор жауапкершілік жүктейді. Кішкенеден қазақы тәрбие берген, өзім еліктеп өскен кісім – анам болды. Ал кәсіпкерлікте әкемнің өнегесі мен бар болмысын өзіме үлгі еттім. Өйткені, ауылда әкемнің өзі жеке шаруа қожалығы бар. Қожалықтағы бар шаруаны баласынбай жасап, шөп тасып, шөмеле үйген кезімді сағына еске аламын. Меніңше, ұлтжандылық, міне, осыдан басталады. Әкемнің өнегесінен бе, туған жерімнің киесінен бе, мен бүлдіршін кезімнен еліме қызмет етемін деп бойжеттім. 

    Сен жайлы ізденгенімде әр салада жеткен жетістіктеріңе, марапаттарыңа қатысты ақпарат санамды жаулап алды… Жеңіс пен жетістікке ең алғаш мектепте қол жеткізген болып тұрсың ғой.

– Мектепте үздік оқушы болдым. Біздің буында, көбіне, оқуда озат талапкерлер спорт жағына келгенде ақсап жатады ғой. Мен бұл балансты тең ұстадым деп айтсам болады. Оқу мен спорт жағынан облыстық, республикалық жарыстарда жүлдегер болдым. Ауылға мейрам сайын барғанда мектептегі ұстаздарым өздеріне шәкірт болған кездегі оза шапқанымды қуаныш қылып айтып отырады. Аудандық және облыстық ғылыми жобалар байқауында, аудандық жазба ақындар мүшайрасында, спорттық жарыстарда үнемі қанжығам майланып қайттым десем артық айтқаным емес. Енді оның бәрін тізбектеп отырғанға ұяламын. 

 Рақмет! Мектеп – өмір өткелдерінің зерде баспалдағы. Талапкерді мектептен кейін мүлдем басқа кеңістік, басқа орта қарсы алады. Оқушы шағыңдағы арман-мақсатыңың биігіне шыға алдың ба? 

– Мектепті табысты тәмамдағаннан кейін өнер саласында танылғым келді. Ілімге, ғылымға, кәсіпке, өзімнің өмірлік миссияма деген бір іңкәрлік жатқанымен, шығармашылық мамандыққа үнемі бүйрегім бұрып тұратын. Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясына құжаттарымды, жетістіктерімді тіркетіп, қуаныш арқалап барғаныммен, сол жылы мен таңдаған мамандыққа грант өте аз бөлініпті. Мемлекеттік грант бұйырмады. Мен өз өміріме түбегейлі өзгеріс енгізгенді, жылдам шешім қабылдағанды ұнататын адаммын. Басқа оқу орынында ақылы түрде бір жыл білім алдым да, оқудан шығып кеттім. Қазір ол қадамымның дұрыс болғанын түсінемін. 

     Сонда кез келген бұралаңда шешімді тез қабылдайсың ба? 

 – Иә, ішкі түйсік жетегі маған үнемі жеңіс әкеледі. Арманымды арқалап Алматыдағы талай студенттің, өзімді, қоғамды өзгертемін деп келген талапкердің бағын жаққан әл-Фараби атындағы Қазақ университетіне келіп түстім. Таңдауым – альмаматердегі Ақпараттық технологиялар факультеті болды. Биыл сол университеттің төртінші курста оқып жатырмын. Университет қабырғасында да белсендімін, қоғамдық жұмыстарға араласамын деп айта аламын. Мысалы, «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағында үш жылдай қызмет еттім. Республикалық студенттер алянсының ҚазҰУ-дағы бөлімінде басшылық жасадым. ҚазҰУ-ымның қоғамдық өмірінде қызмет ете жүріп, бизнес тренингтардан, арнайы курстардан өтіп, өзімнің жеке кәсібімді бастадым. Қазір өмірім есеп пен кәсіптің арақатынасына құрылғанымен, күні бүгінге дейін шығармашылықтан қол үзіп қалған емеспін. Жиі күнделік жазамын, ақ параққа іштегі үзік сырымды шимайлап отырамын. Бұл әуелі маған өзімді тануым үшін қажет. Педагогика саласы да қатты ұнайды. Тіпті, Астана қаласында оқып жүргенімде «Ұлт ұстазы» Республикалық журналында редакторлық қызмет атқарғаным бар. 

     –  «Тектілік – талғамнан» деген сөз бар халқымызда. Кәсіпкерлікке тосын келдің бе, талғаммен, талаппен келдің бе? 

 – Жеке кәсібіме ден қоймас бұрын біраз ойландым. Менің алдымда үлкен таңдау жасау тұр еді. Өзіме жақын, болмысыма келетін саланы іздей бастадым. Жақындарымның, отбасымның, достарымның тәттіге деген қызығушылын жиі байқайтынмын. Және өзімнің де тәттілерді жақсы көретінім бар. Бәрі мені әлі күнге дейін тәтті қыз деп еркелетеді. Соның нәтижесінде, табиғи өнімдерден дайындалған торттар жасайтын дүкен ашуды ұйғардым. Қызығы, асханада тамақ даярлауды ұнатқаныммен, тәтті тоқаштарды пісіруге келгенде шорқақ едім. Бір күні мен үшін болашақ жарым және бизнестегі серіктесім Елмұрат бір шаңыраққа қонаққа барған кезде бір қыздың торт дайындап, сый ретінде алып келгендігін көзі шалыпты. Кейін маған да дәл сондай торт жасашы деп қолқа салды. Іштей қолымнан келмейтінін біліп тұрсам да, келістім. Намысқа тырысып, ғаламторды ақтарып, ақырында Елмұраттың ұнататын «Молочная девочка» деген тортты жасап шығардым. Қонақтарға қорқа-қорқа ұсынғаныммен, өте дәмді шығыпты. Достарымның, жақындарымның көңілдерін жықпай үй жағдайында да торт дайындай беретінмін. Кейін біреуден біреуге тарап дегендей… тапсырыстар түсе бастады, табысы да жақсы болды. Неге өз кәсібімді ашпасқа деген ой келді. 

     Cодан бәрі басталып кетті…

 – Әрине, ертесінде ойланбастан таныстарымның кондитерлік цехына барып, тәжірбиеден өтуге өтініш толтырдым. Бір ай көлеміндегі тәжірибе маған көп нәрсені үйретті. Кондитерлік цехтың жұмысы мен ойлағаннан да қиын болды. Денсаулығыма да біраз кедергілер келтірді. Десе де, бір ай көлемінде  торт жасаудың шебері болып алдым. Күні бүгін «Молочная девочка» торты дүкеніміздегі үлкен сұранысқа ие тортқа айналған. 

 Кәсіпкерліктің негізгі өзегі – қаржыландыру мен ішкі айналым. Бұл мәселені қалай шештің?

  – Дұрыс айтасыз, таңдауымды нақтылағаннан кейін кейін маған финанстық қолдау керек болды. яғни,  мен бизнес саласының алғашқы сапарлаушысы ретінде өзімнің дүненіме қаржы тартуым керек болды. ой үстінде отырғанымда Жас кәсіпкер ұйымының байқау жариялағандығы жайындағы жарнамаға көзім түсті. Ақыры:

2017-жылы Бастау Camp жас кәсіпкерлерге арналған лагерьде өз жобамды ұсынып, 500 000 теңге қаржылық қолдауға ие болдым;

2019 жылы – «Атамекен» ҰКП ұйымдастыруымен Жас кәсіпкер жобасының жеңімпазы атанып, 505 000 теңге;

2019 жылы – Қазақстан Студенттер Альясының әулеуметтік бизнес идеяларға арналған жарысында 500 000 теңге иегері атандым. Осындай, жалпы, үлкенді-кішілі бизнестегі жетістіктерім жетерлік.

– Менің шынымен өзіңе ықыласым ауып отыр. Ерекше өмір жолына түскен қазақ қызының кәсібі де ерекше шығар… 

 – Менің дүкенімнің өзге бизнес нысандардан ерекшелігі – Алматы қаласындағы тұңғыш әлеуметтік-кондитерлік дүкен екендігінде. Дүкен қала тұрғындарына осы жылдың тамыз айынан бастап қызмет көрсетіп келе жатыр. Осы аралықта 150-ге жуық Алматы қаласы азаматтарына тегін қызмет көрсетілді.Тұрмысы төмен отбасыларға, көп балалы отбасыларға, мүгедек баласы бар отбасыларға  тегін торттар таратылды, тегін шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Балалар үйіне, зейнеткерлерге барып, перзенттік, кәсіпкерлік қолдауымызды қолдан келгенше көрсетіп тұрамыз. Сонымен қатар, жанұядағы ошақты ұстаған материалдық жағдайы төмен аналарға осы кәсіпті, бизнестің қыр-сырын тегін үйретеміз. Қазіргі таңда Қазақстан студенттер алянсының ұйымдастырған конкурсына қатысып, қыржылық қолдауға ие болдым. Соның арқасында, қазір екінші дүкенімді туған жерім Жаркент қаласынан ашуды жоспарлап отырмын. 

– Сүріне жүріп, құлағанды демеу, қинала жүріп қуаныш арқалау басында қиын болған шығар?!

 – Негізі, қайырымдылықта тұрған ештеңе жоқ. Мәселен, мен бір тортты тегін берсем, артынан он клиеттің келетіндігіне сенімді болып отыратын жанмын. Тұрыстық қиыншылықтарды студент болып жүріп бастан өткергесін қайырымды болу деген идеяны мықтап ұстандым. Дүкен ашу барысында сәл-пәл қиындықтар туындап жатты. Оны Елмұрат екеуіміз елемедік, ауызбіршіліктің арқасында шешімін жылдап тауып отырдық. Қазір де нарықтағы бағамен салыстырғанда біздің тәтті өнімдердің бағасы әлдеқайда төмен. Мысалы, орталықтарда бір келі торт алты, жеті мың теңгеден жоғары болса, бізде үш-төрт мың теңге. 

– Өмірлік кредоңды сұрағым келеді…

– Ашығы, адам сүйікті ісімен айналысса, ешқашан шаршамайды екен. Оған көзім анық жетті. Ешқандай да қиындықтарға мойымайтындығыма сенімдімін. Менің кредом – сенім. Өзіме деген  сенімділігім өте жоғары. Көп жерден дүкенімнің бөлімдері ашылып, халықтың разылығын алатын, бәрі сүйсіне жейтін тәттілер дүкені иегері болатыныма сенімдімін. 

 Кәсібің қайырлы, нәсібің берекелі болсын! Тілегіңізге жет, қазақтың кәсіпкер қызы. 

– Рақмет, сіздерге де, ұжымдарыңызға да шығармашылық толайым табыстар тілеймін!

 

Ақпарат көзі: Alemtime

Толығырақ:Бизнес

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сізге ұнауы мүмкін