Тарих

Әлімхан Ермеков 8 сағатта қазақ шекарасының тағдырын шешкен адам

Өздеріңіз білесіздер, жер көлемі жағынан Қазақстан əлемде тоғызыншы орын алады. Осынау шекараны шақырымға шақсақ 12 мың километрге созылады екен. 1920 жылдың тамызында Лениннің осы 12 мың км шекараны қазаққа бір оқ шығармай кесіп бергені белгілі. Соның 7 мыңы Ресеймен, 3 мыңы Қытаймен шектесетінін ойласаң, зəрең ұшады қазір.
Өздеріңіз білесіздер, 1868 жылғы реформадан кейін қазақ даласы Ресей патшасының меншігі деп жарияланды. Бұған дейін Ресейге “ұзын арқау, кең тұсау” жағдайында бодан болып келген қазақ халқы осы реформадан кейін нағыз отаршылдық қыспағына ұшырады. Бұл реформаның жанында 1822 жылғы хандық билікті жойған Сперанскийдің реформасы ойыншық болып қалды. Қазақ атамекеніне иелік ету құқынан мүлде айырылды. Орман-тоғайынан, өзен көлінен, құйқалы қонысынан аулаққа қуылды. Құнарлы жерлердің бəріне орыстар орнықты. Бір-ақ мысал: Совет үкіметі орнағанша Қарқаралы қазақтары үйіне тиіп тұрған қалың орманнан бір бұрау отын ала алмапты. Ұстап алса, орыс казактар соққыға жығып, дүре салып жазалайды екен.
Міне, осы жағдайда Октябрь революциясы орнап, Ресей империясының билігіне В.И.Ленин келді. Келген бетте ол жер халықтың меншігі деп жариялады
Айта берсең ұзақ əңгіме, төтелей тартайық,1920 жылдың тамызында В.И.Ленин алашорда мүшесі, бірақ сол кездегі қазақ əскери-революциялық комитеті өкілдігінің төрағасы Əлімхан Ермековпен кездеседі..
Осы Əлекеңнің Мағауия деген жалғыз ұлы болды. Өмірінің соңына дейін Қарағанды қаласында тұрып, ұмытпасам 2006 жылы дүниеден өтті. 2004 жылы мен осы Мағауия ақсақалды үйіне іздеп барып, ұзақ сұхбат құрдым. Қандай əке болмасын өзінің өмірінің шындығын басқаға айтпаса да баласына айтып кетеді ғой, ақсақалмен əңгімелескендегі басты мақсатым, Əлімхан Ермековтің Ленинмен əңгімесінің анық қанығын егжей-тегжейлі білу еді.
Ол кезде тарихи зерттеулер арқылы бұл кездесудің мəн-жайын біразырақ біліп қалған кезіміз ғой. Бірақ мен бұл жайды не де болса, Əлекеңнің туған баласынан білуге ұйғардым. Мағауия ақсақал қазіргі Политехникалық университет жағындағы Ленин көшесінде, орыс кемпірімен тұрады екен. Мағауия ақсақалдың 83 жасына келіп, қартайып отырған шағы екен, əйтсе де мені жатсынбай қарсы алды.

Əуелі баяндаманы Сафаров жасайды. Оның баяндамасы Түркістан республикасында жер реформасын жүзеге асыру жайына арналады. Сафаров батыр адам екен 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс кезінде Жетісу қазақтарының патша əскерінен көрген қорлығын айта келіп, сөзінің соңын жауыз казак-орыстарды Жетісу өңірінен көшіру керек деген батыл мəлімдемемен түйіндейді
Бұдан кейігі сөз кезегі Əлімхан Ермековке келеді. Ермековтің тақырыбы Қазақстанның солтүстік, батыс, шығыс өңірлерінің мəселесі. Бұл кез аталған өңірлердің, əсіресе қазіргі Атырау мен Батыс, Шығыс, Солтүстік Қазақстан жəне Павлодар, облыстарының қазақтың қолынан сусып шығып бара жатқан шағы екен. Орыс шовинистері бұл жерлерді əсте қазақтың жері деп ойламайды, əлдеқашан Ресейдің құрамына қосып қойған тек осы жиында заңдық тұрғыда құжаттап, бекітіп алу мəселесі ғана қалса керек.
Міне, осы сын сəтте иығына қазақтың бес облысының тағдыры мен “қайтсең де ел-жерді орысқа бермей шық” деген Əлиханның аманатын арқалаған Əлімхан Ермеков мінбеге көтеріледі. Мінекей, Əлекең мінбеге шығып, ғылыми тұжырымдарға негізделген баяндамасының тиегін ағыта жөнелгенде, қазір-ақ жабайы қазақтың жерін қалпақпен ұрып аламыз деп жінігіп отырған орыстың ақжелке ұлықтары алғашқыда тосылып, абдырап қалса керек. Əйтсе де жырынды қулар емес пе, əр жерден дауыс көтеріп, сөзін бөліп, наразылық білдіріп Ермековті сөзден сүріндіруге тырысыпты. Тумысынан салқынқанды, мəдениетті Əлекең əлгілермен салғыласпай жүзін Ленинге қарай тіктеп алған күйі, баяндамасын да Ленинге бағыштай қаратып алып, бөгелместен тарта беріпті.
Баяндаманың бір тұсына келгенде, Ленин өзі тоқтатып, “Жас жігіт, жаңа Сафаров жолдас Жетісу өлкесінен орыстарды қуу керек деді, сіз бұған не дейсіз” – депті Ермековке көзін сығырайта сынай қарап.
Осы кезде Əлімхан Ермеков сәлден кейін-ақ бар қазақтың бағына айналғалы тұрған тактикалық қулыққа басып: “Мен Жетісу өлкесінің жайын жолдас Сафаровтан артық білмеймін, ал орыстарды Қазақстанның Солтүстік, Шығыс пен Батыс өңірлерінен көшіру қателік болады, себебі бұл өңірлерді орыс халқы көп мекендейді. Егер орыстарды көшіре бастасақ, жергілікті халықпен арада қақтығыстар туындайды, мұның арты өшпенділікке əкеледі, соңы шиеленістерге əкеліп соғуы мүмкін, сондықтан қазақтарды өз жеріне толық орналастырып алғанша Ресейдің ішкі өлкелерінен орыс шаруаларын қазақ даласына əкелмей тұрғандарыңыз абзал”, – депті. Осы кезде Ленин орнынан балаша қуанып атып тұрыпты да: “Көрдіңіздер ме, жаңа Орталық комитеттің мүшесі өзі коммунист Сафаров жолдас орыстарды Қазақстаннан қуайық, – дейді, ал мына партияда жоқ қазақ өкілі орыстарды тек Қазақстанға көшіруді тоқтата тұруды өтінеді. Бұл ойланатын мəселе”, – деп орнынан елпілдей тұрып келіп, Ермековтың арқасынан қағыпты.
Лениннің үлкен басымен отызға əлі ілікпеген жас азиатты мадақтап, арқасынан қаққаны орыс жағының наразылығын туғызады. Арасында Ермековтің сөзін бөліп, оның баяндамасын жоққа шығаруға тырысқандар бой көрсетеді. Тіпті Крестинский деген шовинист біреу өктем үнмен: “Этот человек хочет создать Данцингский коридор, нука, прекратить!”, – деп салады. Оны қостаған басқа да ақжағалдылар қоштай шулап, жамырасып кетеді. Сонда Ленин орнынан атып тұрып: “Это, вы хотите создать Данцингский коридор, он правильно говорит, – деп əлгілерді тиып тастап, “Продолжайте, молодой человек…” – деп Ермековке оң шырай беріп, баяндамасын.соңына дейін тыңдатқызады.
Ермековтің осы баяндамасының негізінде Ленин қазақ жерінің территориялық тұтастығы туралы құжатқа қол қойып, Қазақ АССР құрылады.
“Егер дейді – Мағауия ақсақал: – келісімге Əлихан Бөкейхановтың өзі барар болса, Əлекең хан тұқымы, өркөкірек, қызу қанды, дипломатияға жоқ адам, сондықтан Ленин бастаған большевиктермен тіл табыса алмауы мүмкін еді. Бөкейханов мұны сезді. Осы себепті келіссөзге менің əкемді жіберді. Ол бұл тапсырманы ойдағыдай орындап шыға алды”, – деді.
Осы əңгіме үстінде менің назарымды аударған бір жайт, Лениннің осы жиын басталғаннан Əлімхан Ермековке жылы шырай танытқаны, оны үнемі қолдап, қорғаштап отырғаны. Орыс шовинистерінің аран аузына түсіп кетуден арашалап, қазақтың жерін тұтас қайтарып беруге бүйрегінің бұрғаны. Қалай десекте Лениннің бұл қылығы əлі күнге дейін жұмбақ.
Ертеректе батыс зерттеушілерінің Ленин туралы бір жазғанын оқыған едім. Сонда əлгі зерттеуші Лениннің бойында көптеген ұлттың қаны болғанын тізе келіп, революция көсемінің бойында қазақтың да қаны бар дейді. Бəлкім рас та шығар.

Ақпарат көзі: Ғаламатордан алынды

Толығырақ:Тарих

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сізге ұнауы мүмкін