Әлем

Кітап оқудан қалған ұлт орны толмас ауыр рухани жұтқа ұшырайды

Келешегім, Алаш баласы!

Кітап оқудан қалған ұлттың, әсіресе оның ұрпақтары орны толмас ауыр рухани жұтқа ұшырамай, азғындыққа құламай қоймайды. Демек, көрсоқыр, надан, кеше, мәңгүрт елдің, ұлттың болашағы оңбайды. Өйткені, егер де біз кітап оқудан тыйылсақ, онда ой ойлаудан да, айналамыздағы құбылыстарды талдау, барлау, болжау, бағамдау қабілетін де, адамгершілік, кісілік қасиеттен де, тіпті құнды ұтқырлық атаулының бәрінен де айырыламыз. Сонда төрт аяқты малдан адамның айырмасы қандай дәрежеде болмақ? Азғындық пен жұтаудың сан қилы түрін бір сәтке болса да, көз алдыңызға елестетіп көріңізші, ағайын. Бұл – сөз жоқ, қауіпті.

Кітап – адамзат баласының сан ғасырлық ақыл-ойының оқу арқылы жетілуінің, кемелденуінің арқасында қол жеткен дамылсыз даму үрдісінің жемісі, өткен тарихы мен өмірлік тағылым-танымының алтын сандығы. Ғабит Мүсірепов: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деуі осыдан. Көз жетпейтін жерге ұшқыр ой жетеді. Ал сол ойдың жүйріктігін жетілдіретін де, ұтқырлығын оздыратын да, сөзге шешендігін шынықтыратын да – кітап екені ақиқат. Сондай-ақ оқыған кітабыңдағы айтулы кейіпкерге еліктеудің өзі, тіпті автордың өзі сияқты тұлға болуға құлшыну, бұл – теңдесі жоқ құбылыс. Демек, кітап оқу, бұл – текті кісілікке, кемел адамгершілікке, кемеңгер көрегендік пен мәдениеттілікке қол жеткізу бағытында құрыштай шыңдала түсудің айтулы көрсеткіші екені хақ.

Кітап оқуға деген кешегі құмарлықты қайтсек қайта қалпына келтіреміз? Қазақ елін ұтқырлықпен жаңаша арттыра аламыз ба? Қашан? Қалай? Бұндай өзекті де өткір сұрақтардың жауабын күллі қоғам, мемлекет болып, һәм ұлт, халық болып талқылайтын көкейтесті ең өзекті мәселеге айналғаны қай заман. Бірақ…

Алайда бүгінгі қоғамымыздың кітап орнына пайдаланып жүргендері – ұялы телефон, компьютер және ғаламтор, смартфон… негізгі оқу құралы болып отырғандығы белгілі. Әрине, айналысқа енген жаңа технология мен техникалардың жетістіктері қоғамға қажет те болар. Бірақ…

Ендігі жерде, компьютерлік техникаларға тәуелділік айрықша күшейген тұста қоғамымыздың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, бұл – оңай шаруа емес. Бұның бәрі, сайып келгенде, адамның өмірлік ізденімпаз еңбекқорлыққа, талғампаздыққа, адамгершілікке деген құштар талпынысты, құлшынысты ниетін, бейнетқор еңбекқорлыққа деген қабілетін жоятын кесапатынан орын алып жатқандығы сөзсіз. Бұған қоса ұлттық рухани жұтау қасіреттерін арттыра түсетіні де белгілі. Бүгінгі ұрпақты қайткен күнде де жөнге түсіру, оларды сан алуан қаскүнемдіктің тырнағынан қорғау ауадай қажет шаруа. Бұл – ардың ісі. Көреген кісілік пен кемел тектіліктің, кемеңгер көсемдік пен дара даналықтың ісі. Ұлттық қауіпсіздігіміздің табантасы сонда ғана қапысыз қаланады емес пе?! Ендеше қоғамымызда мемлекет тарапынан бұларға қарсы тұра алатын батыл қадам, ұтқыр да озық шешімнің пәрменді ықпалы қажет. Қалай айтқан күнде де бұндай кезек күттірмейтін мемлекеттік стратегиялық өзекті мәселенің түйінін шешу үшін бәріміз, қоғам, мемлекет, ұлт болып жұмылып, қолға алатын кезең әлдеқашан туғаны ақиқат.

Жапырақсыз қалса бұтақ – жетім,

Оқылмай қалса кітап – жетім.

Білімсіз болса ұрпақ – жетім,

Қорғаусыз болса ұлт – жетім.

Кітап оқымағанның – ойы жетім,

Талдай алмағанның – таңдауы жетім.

Кітапты құмарту арқылы құлшыныспен сүйсіне көп оқыған адамның көкірек көзі әрқашанда ояу, зейіні зерек, жүрісі сергек келеді. Озық дәрежеде өмір сүре білуге деген құштарлығының ұтымдылығы айнадай айқын әрі күндей жарық, абырой-беделі жоғары, мәртебелі мерейі биік, мінезі көркем, келбеті әсем, зиялы азаматтығы бекзат, талғампаз іскерлігі ұтқыр келеді. Өмірлік таңдауы мен ұлттық мұраты асыл дәрежеде дамылсыз дами түседі. Кез келген қоғамдық ортада, отбасында сөз сөйлеуге келгенде сөзшеңдігі мен ойшылдығы дара күйде болады. Сабырлы, байсалды, жүрегі кең, сезімтал, кешірімпаз дәрежеде өнегелі тіршілік кешудің ұтқыр үлгісін оздырады. Сөз саптауға келгенде тілі жүйрік және шешендік шеберлігін кез келген ортада мойындата білуге келгенде шуақты нұрлы сәулесін үнемі айналасына шашумен ғана өмір сүреді. Ұлттың үнемі жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, халықтың сөзін дер кезінде айтуға келгенде ешкімнен де қаймықпайтын адал халықшыл, турашыл, ұлт мүддесіне қатысты мәселеге келгенде күрескерлік жолда белсенді келеді. Тек жеке қара басының байлығын күйттеп, саяси ұпайын арттыра түсу мақсатында ұлт, халық мүддесіне қарсы сатылымпаздық пен опасыздыққа барудың жолын өле-өлгенше түсінбей өтеді. Сонымен қатар олардың өздерінің ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің ой санасына ұтқырлықпен құятын өмірлік өнегелі өсиеттері мен баталарының тағылымдық құдіретінің ұлағаты орасан зор дәрежеде болады.

Қысқасы, кітапты заманның қатаң талаптарына лайықты өмір сүру үшін оқу қажет. Әлемдік ұтқыр құндылықтар мен асылдықтарды дер кезінде игере отырып, ұлттық болмысымыздың ұтқырлығын жаңаша оздыра түсу үшін оқу қажет. Кітап – сарқылмайтын теңдесі жоқ алтын бұлақ және көнеріп, тозуды білмейтін алтын қазына. Білім-ілім, бұл – нұр. Ендеше кітапты түп-нұсқадан оқудың ұтқырлығын ешбір техника да, технология да алмастыра алмайды. Қысқа тіршілікте көзіміз әбден жеткен мол дүние жайлы қазбалап айта берсек, кітап оқудан адамзат баласының алатын жан-жақты ләззәті мен құдіретті қуатында шектеулік жоқ. Болуы мүмкін де емес.

ХХІ ғасырдың сахнасында қазақ қауымының Мәңгілік елге айналуы дегеніміз, ең алдымен өмірлік күрескерлік белсенділігі орасан зор, жан-жақты сауатты, білімі мен біліктілігі мол, текті мәдениеті мен іскер кемелдігі жоғары, жаһандық бәсекеге қабілетті ұлт бола білуі деген сөз. Демек, күллі елді, ұлтты, һәм ұл-қыздарымыз бен шәкірттерімізді бәсекелі жарысқа лайық дәрежеде кемелдендіре білуді ұтқырлықпен үнемі оздыра түсу деген сөз. Яғни жаңа ғасыр сахнасында қазақ елі тек есті де текті, кемел де көреген, білікті де кемеңгер дәрежедегі өз ұл-қыздарымызбен, немере-шөберелерімізбен мақтануды да, марқаюды да бұрын-соңды болмаған дәрежеде ұтқырлықпен оздыра білудің арқасында ғана ұлттық мәртебелі мерейімізді теңдесі жоқ дәрежемен көкке асқақтата білудің озық та ұтқыр өнегелерін оздыра алатын алтын ғасырына айналдыру деген сөз. Бұл – Алаш баласы үшін мың бақыт. Ұлылардағы ұлы мақсат пен көреген көсемдіктің дәрежесі міне, осындай болса керек-ті.

Ендеше байтақ елге, ұлтқа, һәм халыққа, ұрпаққа, шәкіртке деген шын мәніндегі теңдесі жоқ жанқияр дәрежедегі жанашыр кісілік пен адамгершілікке толы ақ ниетіміздің өзі сөз жүзінде қалып қоймаса етті.

Молдағали МАТҚАН,

қоғам қайраткері,

публицист-жазушы, академик.

 

Ақпарат көзі: Alemtime

Толығырақ:Әлем

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сізге ұнауы мүмкін