Тарих

Кенесарының өлімі

«…Кенесарының қырғыз әскерлерімен соңғы шайқасы Тоқмақ селосының шығыс жағында, Пішпек қаласына жақын Кеклі тауларында болды. Кенесары әскерлері Шу өзенінен 1-2 шақырым жердегі Майтөбе деген таулы үстіртке орналасты. Қырғыздар ғасырлар бойы Майтөбені «қанды жер» деп атайды екен

Майтөбеге солтүстік шығыс жағынан Кеклі тауы жалғасып жатады, жергілікті халық оны «қасиетті төбе» деп атаған. Осы төбенің батысында Шу өзеніне дейін созылған Қарақоныс аңғары жатыр. Осы аңғар екіге бөлінеді: бірі «Алмалы сай» деп, ал онымен шектесетін аңғар «Саулман» деп аталады. Бұл аңғарлар орманға бай, ортасынан асау өзен ағып жатыр. Кенесарыны қырғыз манаптарының тұтқындаған жері осы «Алмалы сай» еді. Кенесары штабы Майтөбеде орналасқан болатын. Ондағы Кенесары жақтастары салған уақытша бекіністің, таулы үстірттің шығыс жағынан қазылған ордың және тас үйіндінің қалдықтары осы күнге дейін сақталған.

Кенесарының қырғыздармен шайқасының тағдыры қырғыздар жеңісімен аяқталатыны алдын ала белгілі еді. Біріншіден, патша отрядтарының басшылары манаптар­мен әскери қимыл жоспарын кеңесіп отырды. Генерал-майор Вишневскийге рапортында жасауыл Нюхалов былай деп жазды: «Мен аса белгілі билерге – Бұғы руының биі Борамбай Бекмұратовқа және Әжібай Сералинге, Сарыбағыш биі Орман Ниязбековке, Солты руының биі Жаңғараш Есхожинге хат жолдап, сендердің де, орыс үкіметінің де жауы Кенесарының көзін құртайық деп шақырдым».

Екіншіден, қазақ сұлтаны Рүстем және Сыпатай би Кенесары қозғалысына тоналудан қорқып қосылған адамдар еді. Шайқас болардың алдындағы түнде олар Кенесары жасақтарынан қашып кетті. Ол туралы Мәдібек Бекқожаев былай дейді:«Сыпатай мен Рүстем төре түнде өз әскерлерін бөліп алып, Шу өзенінің арғы жағына өтіп, «Мықан суына» жеткен соң өткел іздеп, таң атқанша жүрді. Осы кезде оларды қырғыз әскері байқап қалып, шабуыл жасады. Артта жау, алда өткел бермес батпақ су, міне, осындай жағдайда қазақтар қырылып, бір бөлігі қолға түсті».

Сыпатай мен Рүстем көрсеткен қызмет ұмыт қалған жоқ. Кейіннен манап Жантай Қарабеков Сібір қырғыздары шекара бастығынан сұлтан Рүстемді наградтауды сұрай отырып, былай деп жазды: «Рүстем сұлтан мен Сыпатай Әлібеков би әскерлерін алып, кетіп қалды да менің Кенесарыны жеңуіме жағдай жасалды».

Үшіншіден, Қоқан бектері өз әскерлерін Орман манаптың қарамағына берген-ді.

Жағдайдың үмітсіз екендігін түсінген Кенесары әскери кеңес шақырып, қоршаудан шығу жолдарын қарастырды. Наурызбай Кенесарыға мынадай ұсыныс жасады: «Маған Тама руынан Құрман батыр және Ағыбай батыр бастаған, ұрысқа жарамды 200 жігіт беріңіз, мен сол жігіттермен қырғыздар шебіне шабуыл жасап, бұзып өтемін» деді. Бұл ұсынысты барлығы қолдағанмен, Кенесары келіспеді. «Егер біз бұзып өтсек, онда тоқтамай қашамыз. Кімнің аты жүйрік болса сол құтылады. Ал халықтың басым көпшілігі қырылып қалады. Егер мен, әскер басшысы бола тұра қашып кетсем, онда мен бұдан былай халыққа хан бола алмаймын».

Кенесары барлық аттарды сойып, тек азық-түлік артатын 30 ат қана қалдырып, қолға найза алып жаяу сытылып шығуды ұсынды. Бірақ оның ұсынысын ешкім қолдамады. Көмек келеді-ау деген оймен келесі күнге дейін күтуге шешім қабылданды. Бірақ көмекке ешкім келмеді.

Кенесары мен Наурызбай әрқайсысы өз отрядтарын басқарып, қоршауды бұзып өтуге ұйғарды.

Кенесары өзінің отрядымен Қарасуық деген батпақты өзен арқылы қоршаудан шықпақшы болды. Өзеннен өту кезінде көп адам суға кетті, осыған қарамастан жауынгерлер Кенесарыны аман алып қалу үшін әрекет жасады. Осы оқиғаны көтеріліске қатысқан адам былай суреттейді: «Кенесарының жүздеген адамдары желкеден төнген қара қырғыздардың соққысынан суға кетті, бірақ өліп бара жатып, өздерінің сүйікті сұлтаны Кенесарыны құтқаруға тырысты. Өздерін құрбан ете отырып, олар сұлтанды суға батып бара жатқан атынан ауыстырып, өз аттарын беріп отырды».

Қоршаудан шығуға тырысу сәтсіз аяқталды. Наурызбай өзінің отрядымен күші басым шайқаста қаза тапты. Кенесарыны манаптар қолға түсірді.

Өзін өлтірер алдында Кенесары қырғыз манаптарына тағы да өз ойын айтты: жауласуды қояйық та, ортақ жау Қоқанға қарсы бірлесіп күресу үшін қазақтар мен қырғыздардың күшін біріктірейік деп ұсыныс жасады. Алайда қырғыз манаптары бұл жолы да оның ұсынысын қабылдамады.

Кенесары өзін өлтірер алдында, иін тірескен халық жиналып тұрған сол бір шақта өлеңдетіп қоя берді. Өлеңінде өз елінің еркіндігі мен тәуелсіздігі жолында өзі жүргізген аса ауыр күрестің бүкіл өткен жолын баяндады, Сарыарқаның кең даласын, шайқаста қаза тапқан серіктерін еске алды. Кенесары өлтірілер алдындағы сәт былайша суреттелген: «Кенесары жиналған жұртқа, алыстағы тауларға, күн шуағы төгілген биік аспанға, онан соң жан-жағына қарап алып, ән бастады. Ән ұзақ айтылып, жиналғандар ұйып тыңдады. Ән сөздері тыңдаушының бойын билеп, жүрегін баурап, қатты толқытқан. Ол өзінің өлеңінде туып-өскен кең даласында, кіндік кескен ауылында өткен бар өмірін есіне алған еді».

Кенесары өлімі оның серіктері үшін, әскери достары үшін ауыр соққы болды.

 

Ақпарат көзі: Дерек: Е. Бекмаханов. «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» 1993 жыл.334-337 беттер

Толығырақ:Тарих

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сізге ұнауы мүмкін