Бизнес

Бизнес-жоспар жазудың ережелері

Бизнес-жоспар қай кезде керек? Жобаңызға инвестор не қаржы құятын банк іздеген кезде, өзіңіздің мүмкіндігіңіз бен мақсатыңызды түсінгіңіз келсе, идеялардың шынайылығын тексергіңіз келсе бизнес-жоспар міндетті түрде керек. Бизнес-жоспарды кім жазады? Бүгінде ауызша айтылған идеяны қағаз бетіне түсіріп, есебін шығарып, бизнес-жоспар жазып беретін мамандар жеткілікті. Алайда, жоба жоспарын өзіңіз жазуыңызға мүмкіндігіңіз бар. Біз, бизнес-жоспар жазудың ережелерін ұсынамыз

Бизнес-жоспар не үшін қажет? Жобаға қанша қаражат кететіндігін, ол қаражат қанша уақытта өзін-өзі ақтайтындығын, өнімнің немесе тауардың бағасы қанша тұратындығын білу үшін, жоба қанша таза табыс алып келетіндігін, жобаны жүзеге асыру барысында кездесетін кедергілердің алдын алу үшін, қалай жарнамалауға болатындығын, мақсатты аудитория анықтау үшін бизнес-жоспар жазуға тиіссіз.

Бизнес-жоспар жазу барысындағы ескертпелер Бизнес-жоспар, әдетте, алдағы 3-5 жылға жазылады. Алғашқы жылды айға бөліп, екінші жылды тоқсанға, үшінші жылдан бастап жылдық қорытындымен есептесеңіз болады. Бизнес-жоспардың тілі ешқандай диалект сөздерсіз, мақал-мәтелдерсіз, қарапайым тілде жазылуы тиіс. Ең кемі 1 беттік жоспар дайындасаңыз жеткілікті. Қалған ақпараттарды қосымға топтастыруыңызға болады. Биснес-жоспардың «кіріспесі» Жүзеге асатын компанияңыздың атауы, мағынасын ашатын сапалы фотосурет бизнес-жоспарыңыздың титуліне түсірілуі тиіс. Және де аты-жөніңізді көрсетіп өтіңіз. Егер де, жоспарды грант ұтып алу үшін белгілі бір мекемеге өткізетін болсаңыз, онда бизнес-тренеріңіздің есімін жазу маңызды. Сонымен қатар, байқау ұйымдастырып жатқан мекеменің логотипін орналастырсаңыз да болады. Бизнес-жоспардың «екінші» беті Ең алдымен құпиялық меморандумын жазыңыз. Құжатты оқыған адам идея немесе ақпараттың сіздің жеке меншігіңіз екендігін ұғады. Осы арқылы жобаны көшіріп басуға, бөгде біреуге оқытуға тиым сала аласыз.

Бизнес-жоспардың «үшінші» беті Үшінші бетіне жоспардың мазмұнын көрсетіңіз. Яғни, қай бетте қандай ақпарат орналасқындығы туралы нұсқаулық орнатасыз.

Бизнес-жоспардың «төртінші» беті Төртінші бетке түйіндеме жазыңыз. Инвесторлар бизнес-жобаның тек түйіндемесін оқитындықтан, бар негізгі ойды, есепті қысқа-нұсқа етіп түйіндемеге жаза біліңіз. Демек, жоспардың мақсаты, сұралатын қаражат қандай мақсатқа жұмсалатындығы, жобаның нәтижесі қандай болатындығы, оның қоғамға әкелер пайдасы, қаржылық жағдайы қандай болатындығын нақтылауыңыз керек.

Бизнес-жоспардың «бесінші» беті Инвестициялық жоспар жасайсыз. Ақпаратты кесте түрінде бергеніңіз дұрыс. Әр кестенің реттік нөмірін, кесте атауын жазуды естен шығармаңыз. Инвестициялық жоспарда сіз сұрайтын сомаңыз не нәрсеге және қалай жұмсалмақшы екендігін көрсетіңіз. Жоспардан соң инвестициялық стратегия кестесін сызыңыз. Онда сіз қандай айда, қай жылы, қанша қаражат, не үшін шығындалатынын анықтайсыз.

Бизнес-жоспардың «алтыншы» беті Өнімнің немесе тауардың сипаттамасын жазыңыз. Бұларды халық қай кезде және қалай тұтына алатындығын анықтаңыз. Бұл іспен айналысуға сіздің қаншалықты қарым-қабілетіңіз бар екендігін, тәжірибеңізді атап өтесіз. Бастамаңыздың ерекшелігіне тоқталыңыз.

Бизнес-жоспардың «жетінші» беті Бұл бетте маркетингтік жоспар жасауыңыз керек. Мұнда сіз нарықта нені зерттейсің, сатып алушыларыңыз кім, бәсекелестеріңіз туралы, нарықтағы орныңыз туралы жазатын боласыз. Ол үшін SWOT-талдау жасаған жеңілірек. SWOT-талдау дегеніміз – бизнес-идеяның мықты тұстарын, әлсіз жақтарын, мүмкіндіктері мен қауіп-қатерлерін бір кестеге толыстыру. Осыдан кейін, маркетингтік стратегияны жазуға көшесіз. Нарыққа қалай шығатындығыңызды, өнімді немесе компанияны қалай жарнамалайтындығыңызды, тіпті өнім тұтынушының қолына қалай түсетіндігін де көрсетесіз.

Бизнес-жоспардың «сегізінші» беті Өндіріс жоспарда қай жерде жұмыс істейтініңізді, қандай техниканы қолданатыныңызды, керек мәліметтерді қайдан және қалай алатыныңыз жайлы жазасыз. Сатып алынатын техникалардың атауын, шыққан зауытын, тіпті фотосын көрсетсеңіз болады.

Бизнес-жоспардың «тоғызыншы» беті Бизнес-жоспардың ең маңызды тұсы – қаржылық жоспар. Сондықтан, қаржылық жоспарды бірнеше бөлікке бөлесіз: еңбекақы жоспары, баға саясаты, жалпы қаржылық жоспар және нақты қаржылық жоспар. Жалпы қаржылық жоспарда өнімнің, қызметтің бір данасы қанша тұратындығын, қанша шығын, табыс алып келетіндігін, қаншауын сатуға болатындығын анықтайсыз. Нақты қаржылық жоспарды кірістер мен шығындарды айларға, тоқсанға, жылдарға бөліп есептейміз. Мұны ойша санау қиын. Сондықтан excel-дің көмегімен жүзеге асырсаңыз болады.

Бизнес-жоспардың «соңғы» беті Назар аударарлық қосымша ақпараттың барлығын қосымшада келтіресіз. Ал, пайдаланған әдебиетті жазу міндетті емес. Ісіңізге сәттілік тіледік!

 

Ақпарат көзі: balbal.kz

Толығырақ:Бизнес

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сізге ұнауы мүмкін