Орал (орыс. Уральск) — қала (1775 жылдан), Батыс Қазақстан облысының орталығы (1932 жылдан), ірі темір жол станциясы, Жайық бойындағы өзен порты, әуе жолдарының торабы. Қала Жайық өзенінің жағасында, Шағанның Жайыққа құяр тұсында орналасқан.
Тұрғыны 233 904 адам (2019). Қалалық мәслихатқа қарайтын жерінің аумағы 0,7 мың км². Қалаға ірілі-ұсақты 16 елді мекенқарайды, ал жалпы халық саны 306 549 адам (2018) Бүгінгі күні Орал қаласы – Қазақстандағы ірі мәдени-эконономикалық орталықтардың бірі. Қаладағы ірі кәсіпорындар: “Зенит” зауыты, “Омега”, “Металлист”, Орал механикалық зауыты, Орал арматура зауыты, Орал полипласт зауыты өндірістік кәсіпорны, “Аяз” ЖШС және республикалық мемлекеттік “Орал мемлекеттік ауыл шаруашылық стансасы” кәсіпорны. Бұлардан басқа облыстық дәрежедегі нан комбинаты, жылу, жарық, газ кәсіпорындары жұмыс істейді. Қалада 2 мәдениет үйі, 18 кітапхана, Киров саябағы, 3 музей, 2 театр, филармония, көрме залы, 46 мектеп, 3 жоғары оқу орны мен 3 бөлімше бар (2000). Сондай-ақ, 35 қазыналық емдеу мекемесі жұмыс істейді. Оралда Батыс Қазақстан темір жол жүк тасымалының Орал бөлімшесі орналасқан. Қала Жайық бойындағы ірі өзен айлағы саналады. 18 ғасырда салынған сәулет ескерткіштері сақталған.
Орал қаласының орнында бұдан бірнеше мың жыл бұрын скиф, ғұн, авар, печенегжәне қыпшақ тайпаларының мекен-тұрақтары болған. Бұл тайпалардың көсемдері мен жауынгерлері жерленген шағын қорымдар мен қорғандар қазір де кездеседі. Орал қаласының жергілікті қазақтар арасында ерте заманнан қазірге дейін “Теке” аталуының себебі, Алтын Орда хандары жанында уағыз тарататын Алшын Хасан сопы (Асан қайғы болуы да мүмкін) Әбдірахман, Әбдіразақ шайқылардың ұйымдық сипат белгісі – тәкие немесе мүридтер және ел кезген дәруіштер аялдайтын кәделі орын (резиденция) тәкие үйлерінің болуына байланысты. Орыстар Жайық бойына 15 ғасырдың аяғы 16 ғасырдың бас кезінде келе бастады. 17 ғасырдың 1-ширегінде Ноғай хандығымен шекарада шағын әскери бекініс-тірек ретінде Жайық қалашығы салынды. Ол 1613 ж. қазіргі Орал қаласының орнына көшірілді. 18 ғасырдың бас кезінде Жайық қалашығында 3 мыңға жуық үйболды. Олар негізінен Старица (Жайықтың бұрынғы арнасы) және Шаған өзендерінің бойына орналасты. Қаланың негізгі тұрғындары – казак-орыстар болған. Олар әлеуметтік жіктелудің нәтижесінде кедейлер (“голытба”) мен байлар (“домовитые”) болып бөлінді. Жайық казак-орыстары Е.И. Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне (1773 – 1775) қатысты. Жайық қалашығы ІІ Екатеринаның 1775 жылы 15 қаңтардағы жарлығымен “Орал қаласы”, ал оның тұрғындары “Орал казактары” болып аталды. Орал қаласының неғұрлым ежелгі бөлігі Михайло-Аргангельск ғибадатханасының оңтүстігінде орналасты.