Қарағанды — Орталық Қазақстандағы қала, Қарағанды облысының орталығы. Қазақстан қалаларының халық саны бойынша Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Ақтөбе шахарларынан кейін 5-ші орында орналасқан. 1934 жылғы 10 ақпанда Қарағанды поселкесі ЖОАК Президиумының қаулысымен қала болып қайта құрылды. Қала аумағы 543,3 шаршы километрге тең. Қала халқының саны 2019 жылғы 1 қазан 496 701 адамды құрады. Қалалық әкімшілікте 1 ауылдық елді мекен бар.
1833 жылы көмірді тауып алған бақташы бала Аппақ Байжанов туралы аңыз ел аузында сақталған. XIX ғасырдың аяғында геологиялық зерттеулер жүргізіліп, XX ғ-дың басында көмір өндіру орыс көпестерімен басталса, соңында француз, ағылшын кәсіпкерлерімен жалғасты.
Алғашқы орыс қоныс аударушылары 1906 жылы Столыпин аграрлық реформасы бойынша келіп, Михайловка (Қазыбек би ауданы) ауылын құрды, содан кейін “Тихоновка”, “Зеленая балка” және “Новоузенка” құрылған болатын. Революциядан кейін ағылшындықтардың кетуіне байланысты көмір өндірісі уақытша тоқтатылды. Аумақтық құрылым жағынан, Ақмола облысы Ақмола уезінің Спасск болысының құрамына кірді.
1930 жылы көмір өндірісі белсенді түрде қайта басталып, жер аударған(тәркіленген) КСРО азаматтары мен олардың отбасыларына саз-балшықтан жартылай жер үй сияқты уақытша тұрғын үйлердің құрылысы басталды. Жаңадан келген жұмысшылар мен мамандардың басым көпшілігі жаңа салынған Майқұдық, “Жаңа Тихоновка”, “Пришахтинский” ауылдарында қоныстанды. Бұрынғы ауылдарда да халық саны айтарлықтай өсті.
1931 жылдың 20 наурызында ҚазОАК (КазЦИК) бұйрығымен өз бюджеті бар Қарағанды жұмыс кеңесі құрылады, ол тікелей комитетке бағынатын болады. Орталығы кейін қала құрамына кірген “Большая Михайловка” ауылында болды. 1931 жылы шахталық Қарағанды кенті жұмыс ауылына айналады. 1930 бен 1931 жылы кеңес ауылының, кейін 1931-1932 жылы қала кеңесінің тұңғыш басқарушысы болып Қарағанды облысының Шет ауданының тумасы Кәрібоз Шектібаев (1897-1938жж.) тағайындалады.